Бұқтырма су қоймасында ұзындығы 1316 метр болатын елдегі ең ұзын көпірдің ашылуы өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов қатысқан салтанатты шарада тәулігіне 80 мыңға дейін автокөлік өтетін екі жолақты жаңа көпір таныстырылды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Көпірге қосымша 18 шақырым жаңа жол салынды. Жоба заманауи инженерлік технологиялар мен сапа стандарттарына сай жүзеге асырылды.
Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл жоба көлік қатынасындағы көпжылдық мәселені шешуге бағытталған және алты аудан: Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсанды байланыстырады.
Олжас Бектенов көпірдің қауіпсіз екенін атап өтіп, оның Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар, жаңа өткелдің елдің көлік-логистика саласының дамуына оң әсері болатынын жеткізді.
«Бұл көпір мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында салынды. Аймақ тұрғындары жазда пароммен, қыста мұз үстімен жүруге мәжбүр болды. Бұл көпірді халық көптен күткен еді», — деді Бектенов.