Министрлік мәліметінше, «Қазсушар» мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын СЭС салу жобаларын әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта аталған үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен қатар, тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бұл бастамалар 2025 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық құрылыс нысандарында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда шағын гидроэлектр станцияларын орнатуға қолайлы 29 нысан іріктеліп алынған.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, Жол картасын іске асыру нәтижесінде «Қазсушар» теңгеріміндегі гидротехникалық нысандарда жыл сайын өндірілетін электр энергиясының көлемі 30 МВт-қа дейін жетеді.
Қазірдің өзінде кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі «Достық» гидроторабында орналасқан.
Айта кетейік, аталған жобалар елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және энергетикалық әлеуетті арттыруға бағытталған.





