Орталық референдум комиссиясы таңғы сағат 7:00-дегі жағдай бойынша дауыс беру учаскелерінің ашылуына қатысты мәліметтерді жариялады. Облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан түскен деректерге сәйкес, 2026 жылғы 15 наурыз күні таңғы сағат 7:00-де еліміздегі барлық 10 388 дауыс беру учаскесінде референдум басталды.
Ал аумақтық комиссиялардың шешімімен 92 учаскеде дауыс беру таңғы 6:00-де басталған.
Бұл туралы ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді.
Оның айтуынша, референдумға қатысушылар тізіміне 12 461 796 азамат енгізілген. Сондай-ақ учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері негізінде дауыс беру құқығын растайтын 17 514 есептен шығару куәлігін берген.
Жалпы республика бойынша 10 388 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан 54 мемлекетте 71 учаске ашылған.





