Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдарының жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бұл құжат жекелеген көлік құралдарының, әсіресе мопедтердің қозғалысын құқықтық реттеуді және Қазақстандағы жол қауіпсіздігін цифрландыруды мақсат етеді. Заң аясында Қылмыстық кодекске, «Жол жүрісі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Жаңа заңда мопедтерді «басқа механикалық көлік құралдары» қатарына жатқызу, олардың мемлекеттік тіркеуі және мопедтерді басқаруға арналған жүргізуші куәлігі талаптарын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар, «орташа жүру жылдамдығы» ұғымы енгізіліп, оны есептеу және тіркеу жолдары анықталған.
Осы өзгерістер жол қауіпсіздігін күшейтуге, көлік апаттарының санын азайтуға, сондай-ақ мопедтерді пайдалануды құқықтық тұрғыда реттеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.