Қазынаны игеру үшін билік заңнаманы өзгертуге дайындалып жатыр. Оған сәйкес, кен орындарында геологиялық барлау жүргізуге шығындалған инвестор оның байлығын игерудің «айрықша құқығына» ие болмақ. Энергетика министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда игерілген бассейндер бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен көмірсутек, яғни мұнай шикізатын барлау және өндіру бойынша жалпы саны 189 келісімшарт бекітілген. Соның ішінде біраз кен орындарының шикізаты таусылуға таяған.
Мысалы, Қызылорда облысындағы кен орындарында мұнай өндіру бәсеңдеген. Облыста мұнай өндірісі Оңтүстік-Торғай шөгінді бассейнінде жүргізіледі. Соңғы бесжылдық кезеңінде Қызылорда облысында қара алтын өндіру көлемі 36,3%-ға құлдырады: 2017 жылғы 5 млн 58,9 мың тоннадан 2021 жылы 3 млн 223,3 мың тоннаға дейін азайып кеткен. Салдарынан, саланың біраз мамандары жұмыссыз қалған.
Ұқсас жағдай елдің батысында да қалыптасқан. Екі апта бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те осы мәселеге жеке тоқталды.
«Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30%-ға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50%-ға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – Маңғыстау өлкесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәуелсіздіктің отыз жылдығында бірде бір ірі кен орны ашылмапты. Оларды анықтау үшін заманауи озық технологиялар қажет. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда геологтар жалпы алғанда, шикізатының болжамды ресурстары шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын 15 шөгінді бассейнді анықтады. Оның басым бөлігі Кеңес заманынан бері игеріліп жатыр. Алайда геологтар қазақ жеріндегі аз зерттелген шөгінді бассейіндерде шамамен 4,5 миллиард тонна мұнай тұнып жатқанын айтып отыр. Министрліктің де байламы осы.
«Тұтастай алғанда, Қазақстандағы мұнай толы шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесі әртүрлі болып келеді. Нақтыласақ, олардың 5-еуі – игерілген, 5-еуі – аз зерттелген, қалған 5-еуі – аз перспективалы саналады. Бүгінде Қазақстандағы мұнай мен газ өндірудің барлық көлемі тек игерілген 5 бассейінде ғана өндіріледі. Ал аз зерттелген шөгінді бассейндер бойынша мұнай-газ өндіруге бірде бір келісімшарт жасалған жоқ», – деген түсініктеме берді энергетика министрлігі.
Энергетика саласының маманы, мұнайшы Болат Айтымбетовтың айтуынша, мол мұнаймен экономиканы көтеруге біріншіден Қазақстанның жоғары төл технологиялары жоқ.
«Ол батыста бар, бірақ олар бермейді, сондықтан компанияларын инвестор ретінде тарту қажет. Екіншіден, Қазақстан Үкіметі геология саласын жете қаржыландырмайды. Кеңес одағынан қалған зерттеу құжаттарын мұраға алып, соған мәз болып келді. Енді отыз жылда кен орындары таусыла бастағанда ғана есін жиып отыр. Үшіншіден, аз зерттелген шөгінді бассейндерде геологиялық барлау жүргізуге шетелдік инвесторлар қызықпайды, себебі, оның шығыны көп. Сонымен бірге егер ұңғылар бұрғыланған жерлерден мол мұнай қоры табылса, Қазақстан Үкіметі оны оған бермеуі, тартып алуы мүмкін. Тендер не аукцион өткізіп, басқа бір трансұлттық компанияны таңдауы ықтимал. Онысы бармақ басты, көз қысты жолмен дайын асқа тік қасық бола салады. Сондықтан жаңа кен орындарын ашатын инвесторларға ертең оны шенеуніктер тартып алмайтынына кепілдік керек», – деді сарапшы.
Энергетика министрлігі мұны жоққа шығармады. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жер қойнауын геологиялық зерттеуден – одан әрі барлау мен өндіруге өтуге «айрықша құқықты» көздемейді. Сондықтан инвесторлар учаскелерге қатысты қандай да бір кепілдіксіз, яғни айрықша құқықсыз. Қазақстанның аз зерттелген аумақтарын зерттеуге, геологиялық барлауға мүдделі емес. Сондай-ақ бүгінде шөгінді бассейндер бойынша сейсмикалық ескі деректер көп, бірақ олардың сапасы мен егжей-тегжейі заманауи талаптарға сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді ведомство.
Сол себепті министрлік қолданыстағы заңнамаға түзетулерді әзірлеп шықты. Оған сәйкес, ұлттық компания инвестормен тізе қосып, кейіннен жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін бірлескен кәсіпорын құра алады. Ол инвестор стратегиялық әріптес ретінде көрсетіледі.
Ең бастысы – аталған кодексте лицензияның жаңа түрі – аз зерттелген аумақтарда жер қойнауының мұнай-газдық перспективаларын геологиялық зерттеуге арналған лицензия енгізілмек.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл тәсіл жер қойнауын пайдаланушының учаскені одан әрі барлауға және мұнайын өндіруге айрықша құқығын қамтамасыз етеді.
Аз зерттелген аумақтарда геологиялық барлау барысында көмірсутек шикізатының перспективалы мол ресурстары анықталған жағдайда, күрделі жобалар бойынша үлгілік келісімшарт-контракт бекітіліп, оның аясында инвесторға жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне кепілді түрде өту мүмкіндігі берілетін болады.
Дегенмен сарапшылар айрықша құқықты өткір қос жүзі бар ұстараға теңейді. Дұрыс қолданбаса, залалы бар.