Ведомство мәліметінше, Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге қатысты жаңа талаптарды бекітуде. Осы мақсатта бірлескен бұйрық қабылданады.
Қабылданған шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Атап айтқанда, аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізіледі. Сонымен қатар бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді.
Министрлік мәліметінше, білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.
Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ал ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау жүктелді.





