«Мемлекет басшысы газға қатысты айтқан сөзінде ел халқы үнемдеп үйренуі керек екенін айтты», — деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл тұрғыда газ бағасы барлық тұтынушыға бірдей көтеріледі дегенді білдірмейді.
«Осы орайда жағылатын газдың тиісті нормасы енгізілуі мүмкін. Бұл ретте әр адамға қатысты немесе баспананың шаршы метріне қарай тұтыну нормасы болады», — деді министрдің міндетін атқарушы.
Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл бағытта тиісті есептеулер жүріп жатыр.
«Егер тұрғынның жаққан газ көлемі тиісті нормадан айтарлықтай асып түссе, тиісті есеп-қисап ескерілмек. Яғни, газды үнемдемесе немесе тұрғын үйге коммерциялық нысандарды — мейрамханаларды, асханаларды қосып, оларды арзан тарифпен жылытса, бұл да дұрыс емес. Сондықтан адамға қажет көлемді ескере отырып, сол көлемде жағылған газдың бағасы тұрақты болады. Ал тиісті деңгейден асқан жағдайда, баға өседі», — деді Болат Ақшолақов.