2024 жылдан бастап ел аумағында қала мен ауылдарды аралап, жануарларды пайдаланатын көшпелі цирктер мен шағын зообақтардың жұмысына тыйым салынды. Сонымен қатар, көшпелі океанариумдар мен дельфинарийлер де қызметін тоқтатты. Жабайы аңдарды, жануарларды немесе балықтарды жүк көлігімен тасымалдап гастрольге шығатындар қомақты айыппұл төлейді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі стационарлы цирктердің жұмысын да қайта қарау мақсатында жан-жақты талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Министрліктің бас сарапшысы Бақытжан Исахаевтың айтуынша, алдағы жылдары цирктер мен зообақтардың қызметін реттейтін заңдарға өзгерістер енгізу үшін арнайы сараптамалық жұмыстар жүргізіледі.
«Тиісті зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, заңға өзгерістер енгізу бастамасы көтеріледі», – деді Исахаев.
Қалалардағы стационарлы цирктердің жабылуына сала мамандары қарсы пікір білдіруде. Олардың айтуынша, цирктердің толықтай жабылуы ересектер мен балаларды ерекше өнер түрінен айыруы мүмкін.
«Стационарлы цирктерде жануарларға тиісті жағдай жасалған. Қазақстанда бар болғаны төрт цирк жұмыс істейді – Қарағанды, Шымкент, Астана және Алматы қалаларында. Сондықтан оларды сақтап қалу маңызды деп санаймын», – деді Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы.
Әлеуметтанушы Бекнұр Қисықов жануарларды үйрету кезінде қолданылатын зорлық-зомбылыққа назар аударды. Оның айтуынша, жануарлар өздерінің табиғи ортасында өмір сүруі тиіс.
«Әлеуметтік желілерде жануарларды ұрып-соғу арқылы үйретіп жатқаны туралы видеолар жиі тарайды. Бұл дұрыс емес. Жануарлардың табиғи ортасында өмір сүргені жөн, ал мұндай әдістердің қажеті жоқ», – деді Қисықов.
Экология министрлігі 2029 жылдан бастап дельфинарийлердің қызметіне де толық тыйым салуды жоспарлап отыр. Оған дейін бұл мекемелер өз жұмысын балама форматқа бейімдеуі тиіс.