Білім қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Сонг Кёнг Кимнің айтуынша, жоба Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің қолдауымен жүзеге асқан. Бұл өңір жастарына әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
«Қазақстан жасанды интеллект, деректер ғылымы және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды қалыптастыруда аймақтық көшбасшы бола алады. Түркістандағы Woosong University осы мақсатқа қызмет етеді. Бұл — болашақ экономикасына салынған инвестиция», – деді Сонг Кёнг Ким.
Университет филиалы халықаралық тәжірибеге негізделген «2+2» білім беру моделін енгізген. Студенттер алғашқы екі жылды Қазақстанда, ал келесі екі жылды Кореяда немесе шетелдік серіктес университеттерде жалғастырады. Бағдарлама түлектеріне екі диплом алуға мүмкіндік береді — қазақстандық және корейлік.
Қазіргі уақытта Woosong University Kazakhstan филиалында еліміздің 8 өңірінен келген 108 студент білім алуда. Олардың басым бөлігі — Түркістан облысы әкімдігі бөлген мемлекеттік грант иегерлері.
Университеттің оқу бағдарламалары еңбек нарығының жаңа сұраныстарына бағытталған. Студенттер мына салалар бойынша кәсіби білім алады:
жасанды интеллект (AI)
big data және деректер ғылымы
цифрлық экономика
IT-инжиниринг және киберқауіпсіздік
халықаралық бизнес пен технологиялық менеджмент
Сонг Кёнг Кимнің айтуынша, Woosong University Kazakhstan жобасы елдің білім беру стратегиясына сәйкес келеді: тәжірибеге негізделген оқыту, жаһандық академиялық ортаға интеграция және бәсекеге қабілетті маман даярлау.
«Қазақстан цифрлық дәуірдің жаңа буынын қалыптастырып жатыр. Бұл – уақыт талабы әрі ұлттық экономиканың дамуына ұзақмерзімді негіз қалайды», – деп қорытындылады ол.





