Министрлік мәліметінше, бұл әлеуметтік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылы енгізілген және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі саналады.
Заңнама бойынша 17 санаттағы азаматтар АМЖ алуға құқылы. Олардың қатарында:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері және басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер;
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
Соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жұбайлары және әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
«Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері;
Тыл еңбеккерлері;
Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар;
Саяси репрессия құрбандары;
Мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлер;
Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған азаматтар және басқа да санаттар.
Жәрдемақы мөлшері санатқа байланысты өзгеріп отырады және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін белгіленеді. АМЖ көлемі жыл сайын АЕК өсіміне байланысты ұлғайтылады.
Министрлік жәрдемақы белгілі бір ретпен тағайындалатынын атап өтті: егер азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, төлем тек бір санат бойынша, алушының таңдауы ескеріліп жүргізіледі.
Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да қазақстандықтармен тең дәрежеде АМЖ алуға құқылы.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдеу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.





