Әйелдер арасындағы санаттағы «skeet» жаттығуының командалық есебінде Қазақстан құрама командасы стендтік атудан Әлем Кубогында алтын медаль жеңіп алды. Команда құрамында Шымкенттен Зоя Кравченко, Алматы облысынан Әсем Орынбай, Астанадан Әсел Садақбаева бар, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Спортшылар финалдық есепте АҚШ құрамасын жеңді. Стендтік атудан Әлем кубогы 2023 жылғы 11-24 қаңтар аралығында Рабат қаласында (Марокко) өтеді. Жарысқа әлемнің 45 елінен 250-ден астам спортшы қатысады.
Қазақстан атынан 13 спортшы қатысады. Қазақстан құрама командасы skeet, trap бойынша күш сынасады.
Мароккодағы Әлем Кубогы бұл — ISSF кестесі бойынша өз рейтингін көтеруге және Франциядағы 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алуға мүмкіндік беретін рейтингтік турнир.