«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2024 жылдың қазан айында Қазақстанда ауа райы күрт өзгеріп, суық әрі жауын-шашынды болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Еліміздің басым бөлігінде қатты жел соғып, жылдамдығы 15-25 м/с-қа дейін жетеді, ал солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыста түнгі жаңбыр көктайғаққа айналуы мүмкін.
Қазан айының алғашқы онкүндігінде ауа температурасының күрт төмендеуі болжанып отыр. Кей аймақтарда күндізгі және түнгі температура айтарлықтай ауытқиды:
- Батыс аймақтарда түнде +3+12°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +18+27°С-тан +13+22°С-қа дейін;
- Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде 0,+8°С-тан -1-6°С-қа дейін, күндіз +17+25°С-тан +5+13°С-қа дейін;
- Оңтүстік және оңтүстік-батыста түнде +10+18°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +23+28°С-тан +20+25°С-қа дейін.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде солтүстік аймақтарда тұрақсыз ауа райы сақталып, жаңбыр, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Ал оңтүстік аймақтарда негізінен жауын-шашынсыз ауа райы орнайды, дегенмен, кей күндері жаңбыр жаууы мүмкін.
Қазан айы бойы температураның ауытқуы болжанады, солтүстік және батыс облыстарда түнде -2+6°С-тан 0-8°С-қа дейін, күндіз +13+23°С-тан +3+12°С-қа дейін төмендейді.
Алдын ала болжамдарға сәйкес, синоптиктер бұл өзгерістерге байланысты тұрғындарды қырағылық танытып, сақтық шараларын ескеруге шақырады.