«Баламды тауып беріңіздер» деп күніне бірнеше адам келеді бізге. Жағажайда күніне 4 жас пен 10 жас аралығындағы 5-6 баладан жоғалады. Әрине із-түссіз жоғалып кетпейді, табылады. Бірақ, ата-аналардың немқұрайдылығы бізді кейде тығырыққа тірейді. Біз фотосын бір-бірімізге ватсап арқылы таратып, суға түсіп те іздейміз, мыңдаған демалушылардың арасында жүгіріп те іздейміз. Баланы тауып ата-анасының қолына ұстатамыз. Соның өзінде тұрғындар тарапынан сын естіп жатамыз. Міне осындай оқыс жағдайда бізге халық түгел құлақтанатындай радиорупорлар керек»,- дейді «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС директоры Абулхаир Орынбасар.
Ал құтқарушылар демалыс күндері 35-40 балаға дейін жоғалатынын айтады.
Қазіргі қолданыста ұстап жүрген құралдар – мегафондар. Күші 50 Ватт. Қауқары аз құрылғымен жағажайда демалушылардың барлығына хабарлама жасау мүмкін емес. Осы орайда, жағажай басшылығы төтенше жағдай саласында қолданатын күш-қуаты мол радиорупорлар алуды жоспарлап отыр. Жоба жақын арада билік орындарының назарына ұсынылатын болады.