ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақтылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлихан Смайылов:
• 2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр;
• инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ке төмендейді деп жоспарланып отыр;
• Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге немесе биылғы жылға қарағанда 27% ұлғаяды.
«Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етіп отырмыз», — деді өз сөзінде Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің сөзінше, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейді. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаяды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге бөлу көзделгенін, экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыруға басымдық берілетінін, оған 2023 жылы 2 трлн теңге бөлінетінін атап өтті.