ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл алты айда қарақшылық 25%-ға, зорлау 11%-ға, бопсалау 12%-ға, мал ұрлығы 23%-ға азайыпты. Есесіне ұрлық пен тонау көбейген екен. Оған қаңтар оқиғасының әсері де бар. Ұрлықтың ең жоғары деңгейі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліпті.
«Ұрлық деректері еліміздің үш қаласында көп тіркелді. Өкінішке қарай, бұл өңірлердегі полиция департаментінің басшылары әлі ескі тәсілмен жұмыс істеп отыр. Олар тек қылмыстың салдарымен күреседі. Сараптама көрсеткендей, қылмыстың көбін еліміздің басқа қалаларынан келгендер жасайды. Өзге қаладан келіп, Алматы территориясында қылмыс жасағандар үлесі – 45 пайыз, Нұр-Сұлтанда – 40 пайыз болса, Шымкент қаласында – 25 пайыз. Азаматтар барған жерлерде тіркелмейді. Сондықтан, полиция назарынан тыс қалып жатады», – деді министр.
Министрлік есірткі қылмысымен күресте де ауқымды жұмыстар атқаруда. Биыл 3,5 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды. Үш тоннадан астам есірткі тәркіленді. 84 келісі синтетика, 21 есірткі зертханасы жойылып, үш ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық туралы 70 мың хабарлама түсті. 43 мың жағдайда шақырушы арыз беруден бас тартқан. Бірі жәбірлеушісімен татуласса, енді бірі қайталанатын қоқан-лоққыдан қорқады. Бұл жерде тәртіп сақшысының өкілеттігі шектеулі. Арыз болмаса, заң бұзушы жауапқа тартылмайды, деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ, жиында министр әріптестеріне қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресуге мән беру керектігін тапсырды. Марат Ахметжановтың айтуынша, жергілікті әкімдіктер мен полиция қызметкерлері бірлесіп, профилактикалық шаралар ұйымдастыруы тиіс.