Жаңа талаптарға сәйкес, Жарғы ережелері мемлекеттік өртке қарсы қызмет (МӨҚҚ) органдарының жеке құрамына ғана емес, кәсіби өрт сөндірушілер мен ерікті өртке қарсы құрылымдарға да қолданылады. Онда гарнизондық қызметті ұйымдастыру, өртке қарсы күштер мен құралдардың құрамы нақты айқындалған.
Өрт сөндіру күштеріне МӨҚҚ жеке құрамы, кәсіби және ерікті құрылымдардың қызметкерлері, өрт сөндіру техникасы, байланыс пен басқару құралдары, өрт сөндіру заттары және арнайы техникалық жабдықтар кіреді.
Сондай-ақ, төтенше жағдай жарияланған кезде аумақтық орган басшысының шешімімен гарнизон казарма жағдайына көшірілетіні көрсетілді. Мұндай жағдайда жеке құрам күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып, толыққанды тамақпен қамтамасыз етіледі.
Жарғыда караулдық қызметтің тәулік бойы төрт ауысыммен ұйымдастырылатыны, барлық аумақтық органдарда бірыңғай нөмірлеу жүйесі қолданылатыны белгіленді. Сонымен қатар, бөлім диспетчерлерінің (радиотелефонистердің) міндеттері нақтыланып, олардың өрт пен төтенше жағдай туралы хабарламаларды қабылдау, тіркеу, бөлімшелерді уақтылы жөнелту, байланыс пен техникалық құралдардың дұрыс қолданылуын қадағалау сияқты жауапкершіліктері айқын көрсетілді.
Өрт сөндіру және оқу-жаттығулар аяқталған соң, караул мен техниканы 10 минут ішінде дайындық жағдайына келтіру тәртібі де бекітілді. Бұл жұмыс караул басшысының бақылауымен жүзеге асады.
Аталған бұйрық 2025 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.





