“Арыстан Әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55).
“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”, – деп жазды баласы Едіге Мағауин.
Айта кетейік, Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданы Баршатас ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.
Көрнекті жазушының «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «»Жұлдыз» журналында басылды.
Содан кейін «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестері мен әңгіме жинақтарын, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Қобыз сарыны» атты монографияны, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да Мағауин құрастырған.
2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармасы әлемнің бірнеше тіліне аударылды.
1984 жылы біртуар тұлғаға «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
1996 жылы Мұхтар Мағауин Қазақстанның халық жазушысы атанды.
Айта кетейік, Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан» деректі тарихи хикаясын жазуға жеті жылын арнаған болатын.