Министрдің айтуынша, биыл спортшыларға арналған салтанатты киім үлгісі толықтай отандық өндіруші тарапынан дайындалған.
«Барлық сын-пікірлер, ұсыныстар ескерілді. Келесі Азия ойындарына байқау жариялаймыз. Ал биылғы форма біздің спортшыларға ұнады. Бәрі спорт қауымдастығымен келісіліп, тігілді», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр салтанатты киімнен бөлек, жарыстар кезінде киілетін арнайы спорттық киімдер де қарастырылғанын атап өтті.
Оның сөзінше, биыл халықаралық Under Armour брендімен келісімшарт жасалған.
«Биыл киімге көп нәрсе тәуелді екенін ескеріп, халықаралық Under Armour брендімен келісімшартқа отырдық. Бұл киімдер спортшылардың өнер көрсету кезінде қолданылатын болады. Бұл спорттық пакетте шамамен 18 өнім түрі бар. Әрі олар 70% жеңілдікпен жеткізіледі», – деді министр.
Ербол Мырзабосынов бұл киімдер бюджеттен тыс қаражат есебінен алынғанын да атап өтті.
Министр салтанатты киім үлгісін жетілдіру жоспарланғанын жеткізді.
«Парадтық формаға келетін болсақ, иә, біз оны қайта қараймыз. Ашық конкурс болады. Барлық отандық брендтер қатыса алады», – деді ол.






