Ермек Сағымбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Терроризмге қарсы күрес орталығы мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарта отырып, 400-ден астам оқу-жаттығу өткізген.
Сондай-ақ, ҰҚК мынадай нәтижелерге қол жеткізген:
- алдын алу шараларының арқасында мемлекетке 900 млрд теңге көлемінде залал келтіруі мүмкін оқиғаға тосқауыл қойылды. 37 млрд астам қаржы бюджетке қайтарылды. ҰҚК материалдарының негізінде 791 қылмыстық іс, соның ішінде 49-ы жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қозғалды.
- шекара арнаулы күштері құрылды. Биыл қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тасымалдаудың 203 заңсыз әрекетінің жолы кесілді. 9 мыңнан астам шекара тәртібін бұзғандар ұсталды. Сомасы 3,5 млрд теңгеден астам валютаның, құны 10 млрд теңге болатын тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілген жоқ.
- жыл басынан бері ҰҚК техникалық қызметтері инфрақұрылым объектілеріне жасалған 295 млн кибершабуыл мен 2 мың DDoS шабуылдың жолын кесті.
- 900 келіден астам есірткі және 11 тонна прекурсорлар алынып, 16 есірткі зертханасы, 24 халықаралық және 45 өңірлік есірткі арнасы жойылды. Заңсыз айналымдағы 773 бірлік қару мен 20 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Мемлекет басшысы ҰҚК органдары қызметінің бағыттары бойынша өзекті сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.