Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды, деп хабарлайды alataunews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа заң азаматтардың және қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Заңдағы негізгі түзетулер:
1. Отбасы банкі негізінде жаңа институт құру
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй кезегіне қою, есепке алу және бөлуді бір орталықтан басқаратын кешенді даму және қолдау институты құрылатын болады. Сонымен қатар, Отбасы банкі:
• Жалға алынған тұрғын үйдің ақысының бір бөлігін субсидиялауды;
• Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар беруді жалғастырады.
Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алу күні мен табыс деңгейін ескеру тетігі енгізіледі. Бұл ұзақ уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді жеңілдетеді.
2. Қосымша кепілдіктер
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін қосымша кепілдік беру механизмдері енгізілді.
3. Тұрғын үйді пайдалану ережелерін нақтылау
Мемлекеттік қолдау аясында берілген тұрғын үйлерді иелену және пайдалану ережелері толықтырылды.
4. Заңнамаларды жетілдіру
Жер заңнамасы, құрылыс саласы және жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру мәселелері бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізілді.
Заң мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.