Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде жаңажылдық шырша немесе сенбілік өткізу үшін ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Министр үкімет отырысында журналистердің мектептерде жаңажылдық іс-шаралар мен сенбілікке қатысты ақша жинау туралы сұрағына жауап берді.
Министрдің айтуынша, білім беру мекемелерінде кез келген мақсатта қаражат жинауға қатаң тыйым салынған.
«Ақша жинауға министрліктің бұйрығымен де тыйым салынған. Сондықтан мектепте ешқандай ақша жиналмауы керек. Бұл мектеп бітіру кешіне де, жаңажылдық шыршаға да қатысты. Барлық іс-шараны ата-аналардың қалтасына салмақ түсірмей-ақ өткізуге болады. Оның үстіне барлық шара ‘Біртұтас тәрбие’ бағдарламасы аясында жоспарланған. Бұл бағдарламаның мақсаты – балаларды тек қана көңіл көтеруге емес, тәрбиелік мәні бар іс-шараларға баулу,» – деді Ғани Бейсембаев.
Министр мектептерде сенбілік пен жаңажылдық іс-шараларды қосымша шығынсыз ұйымдастырудың мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне де тоқталды.
«Мұғалімдер ешкімнен сыйлық күтпейді. Біз, педагогтар, балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін материалдық ынталандыруды қажет етпейміз. Егер белгілі бір білім беру ұйымдарында бұл тәртіп бұзылса, тиісті шара қолданамыз. Шын мәнінде, мектеп – сапалы білім мен тәрбие беретін орын,» – деп түйіндеді министр.
Бұл мәлімдеме мектептерде ата-аналар мен педагогтарға жүктемені азайтып, оқу және тәрбиелік процесті барынша әділ әрі ашық жүргізуге бағытталған.