«Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдары 1 млн орындық екі ауысымда оқытатын 1 мың мектеп салу туралы тапсырма берген. 2021 жылы 90 мыңнан астам оқушыға арналған 200 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 163 мың оқушыға арналған 277 мектеп пайдалануға берілді. Мұны жақсы көрсеткіш деп санауға болады. Ал биыл 214 мың 538 оқушы орнына арналған 225 мектепті пайдалануға беруіміз керек. Осы мақсатта 2022 жылы жергілікті атқарушы органдарға 104 млрд теңге қаржы бөлінді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша игерілген қаражаттың жалпы көлемі 28 млрд теңгені құрады. Бұл нашар көрсеткіш. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында жұмыс тұралап тұр», — деді Ғани Бейсембаев.
Вице-министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін әкімдіктер мектеп құрылысына жер телімдерін бөлу мәселесін толық шешпеген. 2025 жылдың соңына дейінгі жоспардың 26% құрайтын 155 мектеп салынатын жер әлі анықталмаған.
Сонымен қатар, қажетті жер телімдері уақытында бөлінбегендіктен оқушылар үш ауысымда оқып және апатты жағдайдағы мектептерде білім алып жүр. Бұл мәселе әсіресе Шымкент, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында ушығып тұр.