Оның айтуынша, Президенттің жүйелі қолдауының арқасында соңғы жылдары салаға бөлінетін мемлекеттік шығындар шамамен үш есеге өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, инфрақұрылымды жаңартуға және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді.
Республикалық маңызы бар бірқатар стратегиялық нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Ұлттық онкология орталығы, Астанадағы шұғыл медицина орталығы және Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы жұмысын бастады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде ауылдық елді мекендерде 650-ден астам медициналық нысан ашылып, қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасындағы алшақтық айтарлықтай азайған.
Ұзақ уақыттан кейін тарифтік саясат қайта қаралып, босандыру және педиатрия қызметтеріне тарифтер көтерілді. Сонымен қатар аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және медициналық көмектің сапасын арттыруға басымдық берілді.
Клиникалық бағыттарда айтарлықтай ілгерілеу байқалып, ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесі нығая түсті. Онкологиялық қызмет те қарқынды дамып, бұрын негізінен шетелде ғана қолжетімді болған жоғары дәлдіктегі, жұмсақ емдеу әдістері енгізіліп жатыр.
Дәрілік саясаттағы жаңа тәсілдер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырып, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік берген.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтардың бірі – цифрландыру. Осы бағытта салада eDensaulyq экожүйесі қалыптасып, дәрігерлерді қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жасанды интеллектке негізделген шешімдер енгізілуде.
Сонымен қатар Парламент медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды.
Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде дәрігерлер тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персонал жеті пайызға, ал ауылдық жерлерде 16%-ға төмендеген.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, 2026 жылдан бастап инфекциялық қызмет пен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге арналған заң қабылданып, сақтандыру моделіне көшу, халықты қамту аясын кеңейту және медициналық қызмет сапасына мемлекеттік бақылауды қалпына келтіру көзделген.
Қабылданып жатқан шаралар нақты нәтиже бере бастады. Қазіргі таңда Қазақстанда халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа жеткен. Жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, нәресте өлімі 18%-ға төмендеген. Сондай-ақ ел адам дамуы индексі бойынша халықаралық рейтингтерде жеті сатыға жоғарылаған.





