Маңғыстау облысында 11 баланың анасы, жаңаөзендік Жадыра Досекееваға билікті сынағаны үшін үш жылға шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Сот Досекееваны Қылмыстық кодекстің «телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтік алауыздықты қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, үш жыл шартты жаза тағайындады. Сонымен қатар, ол қоғамдық жұмыстарға тартылып, әлеуметтік желілерді үш жыл бойы пайдалануға тыйым салынды. Соттың пікірінше, биылғы сәуірде TikTok желісіне жарияланған бейнежазбасы «әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздырады» деп танылған.
Досекееваға қатысты қылмыстық іс маусым айында қозғалған болатын. Сот барысында прокурор оның бас бостандығын төрт жылға шектеуді сұраса, айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, сот үш жыл шартты жаза тағайындады. Жаза кезеңінде ол жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.
Маңғыстау облысы полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, соттың Досекееваның кінәсін куәгерлердің жауаптары мен сараптама нәтижелеріне сүйене отырып дәлелдегенін, сондай-ақ сотталушының кішкентай балаларының болуы жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қаралғанын хабарлады.