Бұл бастама конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған өзгерістердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, егер Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі бастама көтерсе, Құрылтай Үкімет мүшесін өз қызметі бойынша есеп беруге шақыра алады.
Есеп тыңдау барысында:
-
министрдің өз міндеттерін қалай орындағаны;
-
мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігі;
-
республика заңдарының орындалуы қаралады.
Егер есеп беру қорытындысында заңдардың орындалмағаны анықталса, Құрылтай Президентке министрді қызметінен босату туралы ресми мәлімдеме қабылдай алады.
«Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауы, республика заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Қазақстан президентіне үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы мәлімдеме қабылдау құқықтары тиісті жекелеген нормада нақтыланды», – деді Нұрлан Бекназаров.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Құрылтайдың мұндай мәлімдемесі қабылданған жағдайда, Президент Үкімет мүшесін лауазымынан босатуға міндетті болады.
«Мұндай жағдайда президент үкімет мүшесін лауазымынан босатады», – деп түсіндірді депутат комиссия отырысында.






