5 желтоқсанда таңертең Kcell және Activ ұялы байланыс операторларының пайдаланушылары интернет пен байланыс қызметтерінің сапасына шағымданды. Компания бұл мәселенің техникалық себептерден туындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алматы мен Астанадағы абоненттер интернеттің істемеуі және бірқатар қосымшалардың, соның ішінде Kcell қосымшасының жұмыс істемеуі туралы наразылықтарын білдірді.
«Астанада Activ интернеті толық істемей тұр. Қолдау қызметінің 3030 нөміріне хабарласқанымызда қоңырау бірден үзіледі», – деп жазды қолданушылар әлеуметтік желілерде.
Компанияның Instagram-дағы ресми парақшасында бұл ақаулардың уақытша екені және оларды жою бойынша жұмыстар жүріп жатқаны хабарланды:
«Қазіргі уақытта кейбір қызметтер уақытша қолжетімсіз. Мамандар мәселені шешу үшін жұмыс істеуде. Нақты мерзімдер туралы әзірге ақпарат жоқ», – делінген хабарламада.
Мәселе бойынша қосымша ақпаратты компанияның ресми арналарынан алуға болады.