Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаевқа умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайыпты қаңтарда ұшуы керек еді. Алайда түрлі сылтау айтқан «Kausar Travel» турфирмасы бас-аяғы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізіпті. Бірақ қонақүйге бара сала, турфирма өкілдері орын дайындаймыз деп, сол күйі жоғалған.
«Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, «Kausar Travel» өкілі кетіп қалды. Содан біз таңертең тұрсақ, «Kausar Travel» өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген», — дейді Бекмырзаев.
Бейтаныс қалада тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіген. Содан басқа турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті, қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын жалдап беріпті. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы Медет Мұратбайұлы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен.
«Демеушілердің ақшасын есептемегеннің өзінде миллионнан аса шығынға баттық. Демеушілердің көп көмегі болды. Қонақүй жалдап, тамақ алып берді. Қонақүйдің бір күні 180 доллар екен», — деп атап өтті Жарқын Бекмырзаев.
Оның айтуынша, Меккеде «Kausar Travel» алдап кетті деген 70 шақты адам жүрген. Қазір Алматы мен Шымкенттен қасиетті сапарға шыға алмай отырғандар көп екен. Олар да полицияға да арыз жазған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары «Kausar Travel» басшысына іздеу салып, Медет Мұратбайұлы Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.
«Мекке мен Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды», — дейді полицейлер.
Турфирмаға алданғандардың нақты санын полицейлердің өзі айта алмай отыр. Себебі бұған дейін ұша алмағандардан бөлек, алдағы ақпан айына ақша беріп қойған азаматтар да бар.