Мәжіліс 2024 жылғы 20 наурызда Дохада аяқталған Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды alataunews.kz.
«Келісімді ратификациялау елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, мемлекеттің негізгі экономикалық салаларына жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді. Құжаттың басты мақсаты – телекоммуникация, қаржы, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Бұл қосымша инвестициялар тартуға, инфрақұрылымды дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді», — делінген хабарламада.
Қазақстанда барлығы 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында үш газ өңдеу зауытының құрылысы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі, жаңа «Кс-14» компрессорлық станциясы, «Кс-14-Қостанай» газ құбыры, Қызылорда облысындағы құрама циклді электр станциясы және Ертіс өзеніндегі су электр станциясының құрылысы бар.