Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай маңызды саяси кезеңдерде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен әдейі таратылатын арандатушылық сипаттағы хабарламалар жиі кездеседі. Олардың негізгі мақсаты – қоғамды адастыру және жағдайды тұрақсыздандыру.
ІІМ мәліметінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы жалған контент жасауды бұрынғыдан да жеңілдеткен. Соның салдарынан қысқа уақыт ішінде шынайы ақпаратқа ұқсас, алайда адамдарды жаңылыстыратын материалдар кең таралуы мүмкін.
Министрлік көрінеу жалған ақпарат тарату заң бұзушылық екенін еске салды. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Осыған байланысты азаматтарды заң талаптарын сақтауға, тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ақпараттық мәдениетті ұстануға шақырды. Сондай-ақ күмәнді хабарламаларды көрген жағдайда оны әрі қарай таратпау қажеттігі ескертілді.
«Күмәнді хабарламаларды әрі қарай жібермеңіздер. Жалған ақпарат көбіне дәл осылай таралады», – деді ІІМ ресми өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі референдум кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Ведомство жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, заң аясында қатаң қаралатынын атап өтті.





