Оның айтуынша, лицензия беру – толық автоматтандырылған мемлекеттік қызмет.
«Лицензия беру – мемлекеттік қызмет. Ол толық автоматтандырылған және бұл жерде лицензиатпен тікелей байланыс жоқ. Бұл тек қана рұқсаттық бақылау жүргізген кезде ұсынылған құжаттардың сәйкестігін тексереді», – деді комитет төрағасы.
Онымен қоса, Гүлзат Көбенова балабақшаларды лицензиялау тәжірибесі елімізде ғана емес көптеген мемлекетте бар екенін айтты.
«Германияда барлық балабақша лицензияланады. Тек қана федералдық аумақтар бойынша бұл талаптар ерекшеленуі мүмкін. Канада, АҚШ, Португалия, Ресейде де балабақшалар лицензияланады. Ал Қырғызстанда жекеменшік балабақшалар лицензия алып, жұмысын жүргізеді», – деді Көбенова.
Еске салсақ, бұған дейін жекеменшік балабақшалар мемлекеттік лицензиялауды енгізуге қарсылығын жазғанбыз. Олардың айтуынша, лицензиялауды қайта енгізу сапаны арттырмай, тек шағын және орта бизнес субъектілері үшін қосымша кедергілер тудырады. Айта кетейік, елімізде балабақшаларды лицензиялау 2024 жылдан басталады.
Жоспар бойынша бұл жұмыс кезең-кезеңімен басталмақ:
- алдымен жаңадан ашылған балабақшалар лицензиялауға жатады. Комитет төрағасының айтуынша, орта есеппен бір жылда 200 балабақша ашылуы мүмкін;
- екінші кезекте мемлекеттік аттестациядан екі мүмкіндікте де өте аламаған балабақшалар лицензиялаудан өтеді;
- үшінші сатыда тәуекелдерге қарай талдау жасалады. Қай балабақшаларда тәуекел жоғары – сол ұйымдар лицензияланатын болады.