«Үшінші судьяның ауруханада болуына байланысты бүгін сот құрамы толық емес. Тиісінше, қазір істі қарауды бастай алмаймыз. Сондықтан оны 27 желтоқсан сағат 15:00-ден бастап жұмыс күнінің соңына дейін қараймыз. Жалғасы 28 желтоқсан сағат 10:00-15:00 аралығында болады», — деді судья Айбек Әмірғалиев.
Ал бұған қатысты пікір білдірген Елжан Біртановтың өзі шағымды қарау уақыты өзгеретінін күтпегенін айтты.
«Әрине, біз апелляциялық шағымды қарау уақыты өзгереді деп ойлаған жоқпыз. Шынымды айтсам, мен өзімді сотталған адам деп санамаймын. Үкім айыптау актісінен көшіріп жазылған. Бір жыл ішінде айтылған дәлелдерді судья Әлкенов мүлдем елемеді. Сондықтан үкімді күтіп, оған дайындалу үшін біраз уақыт қажет болды. Біздің ойымызша, үкімде фактілер біржақты бұрмаланған. Әр адвокаттың өз көзқарасын айтуға құқығы бар. Апелляциялық сот тыңдайды деп үміттенеміз», — деді Елжан Біртанов.
Айта кетейік, 28 қазанда Елжан Біртановтың ісіне қатысты сот үкімі шыққан еді.
Кейін ол бұл шешіммен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеген еді.