Биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актісі туралы жалған хабарлау бойынша 22 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімовтің айтуынша, бұлардың басым көпшілігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Е. Әлімов биылғы шілде айында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы №2 сотының шешімімен Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын жеткізді.
Аталған ер адам сәуір айында өзінің IT саласындағы білімін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 ірі нысанға «мина қойылғаны» туралы хабарлама таратқан.
«Сонымен қатар, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жасаған 27 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, теміржол ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында діни материалдарды сақтаудың 5 дерегі белгілі болды», — деді Е. Әлімов.
«Барлық құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБК 490, 453-баптарымен әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды және сот әрқайсысына әкімшілік айыппұл салды», — деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Еске сала кетейік, терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберу немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.