Оның айтуынша, қазір Қазақстан зертханаларының сынақ базасын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
«Еліміздегі зертханалардың көбі қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Жабдықтардың 60% Ресейден алынған, оның 30 пайызының жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдан асқан. Тіптен, 1960-1970 жылдары шығарылған жабдықтар да бар. Қазіргі заман талабына сай келетін зертханалар өте аз. Сол себепті зертхана жабдықтарын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр», – деді Алмат Орынғалиұлы.
Сонымен қатар, ол сынама жасайтын зертхана жабдықтарын жаңғырту өнім бағасының өсуіне көп әсер етпейтінін жеткізді.
«Мәселен, сүттің сынамасын алатын зертхана жабдығын жаңарту өнім бағасының 2-3 есеге қымбаттауына әсер етпейді. Жабдықтарды жаңарту сынамаларды нақты жасауға әкеледі. Біз сынама жүргізетін зертханалардың жұмысына араласпаймыз, тек жабдықтарды бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Бұл зертханалар халықтың сапалы өнім тұтынуына мүмкіндік береді және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді Алмат Орынғалиұлы.
Сондай-ақ, ол бір облыста толыққанды зерттеу жасай алатын зертхана ашу үшін 1,5 млрд доллардан астам қаражат қажет болатынын жеткізді.