Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің салықтық түсімдері жоспары 113,7%-ға орындалған. Бюджетке 2 979,0 млрд теңге түскен.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 677,5 млрд теңгені немесе 129,4%-ды құрады.
Негізгі салықтар бойынша өсім
Оң динамика негізгі бюджет құраушы салықтар есебінен қамтамасыз етілген.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша өсім қарқыны – 116,9% (+118,0 млрд теңге);
Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша – 138,8% (+428,6 млрд теңге).
Сонымен қатар, ақпараттық кеңістікте бұған дейін 2026 жылдың қаңтар айындағы деректерге негізделген сараптамалық бағалаулар жарияланғаны айтылды.
Алайда ведомство мұндай тұжырымдар бюджет кірістерінің нақты көрінісін толық ашпайтынын атап өтті. Себебі 2025 жылдың төртінші тоқсаны үшін бірқатар негізгі төлемдердің мерзімі 2026 жылғы 25 ақпанға дейін жалғасқан.
Осыған байланысты түсімдердің едәуір бөлігі дәстүрлі түрде ақпан айының қорытындысы бойынша қалыптасады.
Нәтижесінде, 1 наурыздағы жағдай бойынша ҚҚС бойынша жоспардың орындалуы 119,8%-ды құрады. Жоспар 1 281,0 млрд теңге болса, нақты түсім 1 534,5 млрд теңгеге жеткен.
Комитет мәліметінше, екі айдың қорытындысы бюджет кірістерінің орындалуын объективті түрде сипаттайды және кірістердің тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.
Нақты деректер салық түсімдерінің оң динамикасын және олардың қазіргі макроэкономикалық жағдайларға сәйкес келетінін растайды.





