Еuronews агенттігінің хабарлауынша, америкалық Mattel компаниясы ұсынған Барбидің бұл нұсқасы балаларды адамның көптеген ерекшелігімен таныстыруға арналған Fashionistas желісін толықтыра түспек.
«Біз айналамыздағы әлемнің алуан түрлілігін жақынырақ жеткізетін Даун синдромы бар Барби қуыршағын шығаратынымызды мақтан тұтамыз», — деді компанияның вице-президенті Лиза МакНайт.
Қуыршақ медицина мамандарымен бірлесіп жасалған. Қуыршақтың беті дөңгелек пішінді және көзі сәл қиғаш бадам тәрізді етіп жасалған.
Бұған дейін Barbie Fashionistas желісінде аяғы протезделген қуыршақ, есту аппараты бар қыз, мүгедектер арбасындағы Барби және терінің кейбір аумағын пигментсіз қалдыратын витилиго ауруы бейнеленген қуыршақтар шығарылған еді.