Дәулет ауылында 1000-ға жуық оқушы білім алады. Ауылда 5000-нан астам тұрғын тұрады. Алматының іргесінде орналасса да бұл ауылдың басынан қара бұлты кетпеген. Ауылда 2019 жылы салынған жаңа мектептің астаң-кестеңі шығып қирап жатыр.
«Мектеп салынғалы дұрыс оқымадық. Карантин басталды, сосын ғимаратта сызаттар пайда болып, едендері түсе бастады», — дейді тұрғын Гүләйім Омарова.
«Балалар онлайн оқып жатыр. Онлайн оқуда не білім болады? Мектепті бір айда бітіреміз дейді, бірақ ол уәдеге сенбейміз», — деді тұрғын Төлеміс Құдиярова (аты-жөні өзгертілген)
Нысанға тапсырыс беруші — «Талғар ауданы құрылыс бөлімі» ММ. 2017 жылдың 23 қарашасында «Еламан» ЖШС-мен 1,6 миллиардқа келісім шарт жасалған. Жобалаушы — «Нұр Құрылыс — 80» ЖШС.
Техникалық бақылаушы «УКС» ЖШС. Мектеп құрылысы 01.12.2017 ж. басталып, 31.08.2019 ж. аяқталды. Мектепті жабдықтауға 71 млн тг. бөлінген.
«2020 жылдың қаңтар айында жер асты сулары деңгейінің көтерілу салдарынан мектеп ғимаратының кереге және едені отырып қалған. Жобалаушылардың геологиялық барлау жұмыстарын дұрыс орындамағаны салдарынан құрылыста олқылықтар орын алды. Себебі жобалаушы мекеме мектеп ғимаратын жер астында батпақ пен шөгінді топырағы бар аумаққа орналастырған», — дейді Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ашылмай жатып жабылған мектепке бірнеше жүз миллионға күрделі жөндеу жұмыстары қайта жасалып жатыр.
«Қазіргі уақытта мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94,663 млн теңгеге ашық конкурс беріліп, 15 қыркүйекте «Айт-Мус құрылыс» ЖШС-мен №391 келісім-шарт 81,760 млн. теңгеге жасалды. Нысанның демонтаж жұмыстары жасалып, 1-ші қабатының бөлмелерді бөлген қабырғалары толық алынып, еденнің 2 қабат бетоны алынып, 3-ші қабаты бұзылып жатыр», — дейді әкімдік.
Үш қабатты мектептің шөгіп кеткен еденін биіктету үшін әркім бір келіп, қабат-қабат цемент құйған. Қазіргі құрылысшылардың айтуынша, еден кемінде 10 см шөккен. Ғимараттың үшінші қабатында да жарықшақ пайда болған. Жергілікті биліктің айтуынша, мектептің бірінші қабатын жөндесе болды, бала өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
«Қойылған конструциялардың және 1,2-ші блоктардың жобалық шешімдерге сәйкестігі» туралы қорытындысы алынды. Оған сәйкес мектеп ғимаратының бала өміріне қаупі жоқ. 09 қыркүйегінде мектептің дренажында күрделі жөндеу жұмыстарын орындауға 09 қыркүйекте 51 млн. 563 мың 926 тг. 57 тиынға қосымша қаражат бөлініп, конкурс жарияланды», — дейді баспасөз қызметі.
Қазіргі күні мектепте он адамнан тұратын құрылыс бригадасы жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуынша, бірінші қаңтарға дейін күрделі жөндеу бітпеуі мүмкін, сол себепті ертеңнен бастап қосымша он құрылысшы бригадаға қосылады.