«Бұқар бұғысының Оңтүстік Балқаш маңына оралуы – жолбарысты жерсіндіру бағдарламасының маңызды кезеңі. Осыдан 4 жыл бұрын резерват аумағына 5 бұғы жіберілген болатын. Бүгінде олардың саны 150-ге жетті», — дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлескен жобасы БҰҰДБ қолдауымен жүзеге асып келеді.
«Іле-Балқаш» табиғи резерватына жыл сайын бұғылар жіберу дәстүрге айналды. Осымен төртінші рет жүзеге асырылып жатқан жоба тек Оңтүстік Балқаш өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның жабайы табиғаты үшін де бірегей оқиға болғандықтан оны асыға күтеміз», — деді Дүниежізілік жабайы табиғат қоры (WWF) Орталық Азия бағдарламалар директоры Григорий Мазманянц.
Жануарлардың еркін қозғалысын бақылау мақсатында аумаққа 6 фототұзақ орнатылды. Сондай-ақ, үш бұғыға GPS жүйесі бар қарғыбау тағылды. Құрылғының жануарларға зияны жоқ.
Бұқар бұғысы Алматы облысы Балқаш ауданында көп болған. Алайда, ХХ ғасырдың басында жойылып кетті. Қызыл кітапқа да енгізілген. Олардың саны қазір әлемде 4 мыңнан асады.