Алаяқтар енді «Болашақ» бағдарламасының атынан хат жіберуге кірісті. Осыған байланысты Халықаралық бағдарламалар орталығы шәкіртақы иегерлері мен үміткерлеріне сақ болуды ескертті, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алаяқтар SMS-хабарламалар жіберіп, құпиясөзді сұрау тәсілін қолданғаны анықталды. Кей жағдайларда олар тіпті ақша аударуды талап еткен.
«Соңғы уақытта алаяқтық әрекеттер көбейді. Халықаралық бағдарламалар орталығы ешқашан тексеру кодтарын сұрамайды және ақшалай қаражат талап етпейді. Барлық ресми ақпарат тек біздің ресми байланыс арналарымыз немесе кураторлар арқылы жіберіледі», — деп мәлімдеді Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі.
Интернет алаяқтармен күресу мақсатында қатаң шаралар қарастырылып жатыр. Дегенмен, алаяқтық әрекеттер күн сайын әртүрлі тәсілдермен пайда болып, әртүрлі азаматтар мен ұйымдардың атын жамылып, заңсыз ақша табуға ұмтылатындар азаймай тұр.