Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Роза Қожапова жыл сайын қазан-сәуір айлары аралығында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау өршитінін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штамы – A (H1N1), A (H3N2) және В таралады және олар 2022/2023 жылғы эпидемиялық маусымға арналған вакцина құрамына енгізілген.
«1 қазаннан бері Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекцияның 764 247 жағдайы тіркелді. Республика бойынша ауру жұқтыру көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейде тұр. 521 адам тұмауға шалдыққаны зертханада расталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106 жағдай анықталды», — деді басқарма басшысы.
Тұмауды жұқтырғандардың ең көп саны Қызылорда облысында – 128, Жетісу облысында – 84 және Ақтөбе облысында – 69 тіркелді. Ал Алматыда – 60, Астанада – 38 тұмау жұқтыру фактісі расталды.
Роза Қожапова Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да таралып жатқанын айтты. Тұмауға жатпайтын басқа инфекцияларға 1202 сынама зерттелді, оның ішінде 254 сынама (21,1%) оң нәтиже берді: атап айтқанда, риновирус – 93, РС вирусы – 77, парагрипп – 31, коронавирус – 20, аденовирус – 17, бокавирус – 10, метапневмовирус – 6.
Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы аурудың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін айтты. Қазірдің өзінде республика бойынша 1 806 710 адам немесе республика халқының 9,5% тұмауға қарсы вакцина алған.