Премьер-министрдің айтуынша, Үкімет «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» жаңа конституциялық заңдардың қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс.
«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 сәуірге дейін аталған конституциялық заңдардың жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ жаңа Конституция аясында кейбір өңірлердің жедел экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін «қарқынды дамитын қала» атты арнайы құқықтық режим енгізілуі мүмкін екені айтылды.
Премьер-министр Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын қарауды жеделдетуді тапсырды. Құжатты наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Үкіметке жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекіту міндеті қойылды.
«7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекітуіміз керек. Әділет министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспар жобасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырамын», – деді Премьер-министр.
Ол барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға жоспарды іске асыру бойынша жан-жақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.





