Әміртаевтың айтуынша, Сүлейменовтің әлемдік антиядролық қозғалыстағы рөлі ерекше.
«Семей ядролық полигонын жабуға бастамашы болып, бұл іске шешуші үлес қосқан тұлғаның бірі – Олжас Сүлейменов. Оның бастамасымен құрылған халықаралық қозғалыстың арқасында әлемнің бірнеше еліндегі төрт ірі ядролық сынақ алаңы, соның ішінде АҚШ-тағы Невада полигоны да жабылды. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде оның еңбегінің маңызы бұрынғыдан да өзекті», — деді партия төрағасы.
Жиналғандар бұл бастаманы қолдап, Сүлейменовтің еңбегін халықаралық деңгейде мойындау қажеттігін атап өтті.
Мәлімдеме барысында Азаматхан Әміртаев Алматы қаласының экологиялық ахуалына да тоқталды. Оның айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары жалғасқанымен, қаладағы ауа сапасы әлі де күрделі жағдайда қалып отыр.
«Қазіргі таңда ауа тазартатын жаңа технологиялар бар. Біз соларды енгізу арқылы Алматының ауасын жақсартуға күш салып жатырмыз. Бір құрылғының бағасы — 100 мың доллар. Ал қаланың ауасын 60-70 пайыз деңгейде тазарту үшін 1500-ге жуық аппарат қажет. Бұл шамамен 150 млн доллар. Дегенмен, бұл өзін-өзі ақтайтын жоба», — деді Әміртаев.
Партияның Алматы қалалық филиалының жаңа төрайымы Алма Қараш қазірдің өзінде жобаға қаржы тарту бағытында жұмыс басталғанын атап өтті. Мұндай ауаны тазарту технологиялары Үндістан мен Қытайдың ірі қалаларында қолданылып келеді.
«Көлік ағынын тоқтата алмаймыз. Ауаның 80 пайызы көлік түтінінен ластанғанымен, халыққа көлікпен жүрмеңдер деп тыйым сала алмаймыз. Сондықтан технологиялық шешімге жүгіну керек. Ауаның ластануы адамның қанына әсер етіп, жүрек-қан тамыр ауруларының көбеюіне әкеледі», — деді партия басшысы.
«Байтақ» партиясының Алматы филиалына жаңадан сайланған төрайым Алма Қараш қала экологиясын жақсартуға арналған жоспарымен бөлісті.
«Алматының қазіргі экологиялық ахуалы өте күрделі. Біз әлемдегі ауасы ең лас қалалардың қатарындамыз. Сондықтан нақты шешімдер ұсынып отырмыз. Көптеген экологтар мен ғалымдарды осы мәселеге жұмылдырып жатырмыз», — деді ол.
Қараш Делиде көрген ауа тазартатын мұнара үлгісін Алматыға бейімдеуді көздеп отырғанын айтты.
«Делиде колледж аумағында тұрған ауа тазартқыш мұнара менің назарымды аударды. Ол ауаны сорып, тазалап қайта шығарады. Осы технологияны Алматыға енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», — деді ол.
Жиында экологиялық бастамалардың бірі – «Ұлы даланың – жасыл елшісі» жобасының қорытындысы да жарияланды. Велошабандоз Сапар Аманжолұлы бірнеше ай бойы Қазақстанды аралап, 12 000 шақырым қашықтықты еңсерген.





