«Президент байланыс саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, операторлар мәлімдеген параметрлерден айтарлықтай алшақтағаны үшін жауапкершілікті енгізуді және қатаңдатуды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы іске асыру үшін министрлік депутаттармен бірлесіп, стандартқа сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін операторларға қолданылатын қатаң шараларды әзірледі. Енді заң бұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторларына 100 айлық есептік көрсеткіштің орнына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде мұндай заң бұзушылық қайталанса айыппұл 200-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін салынады», — делінген баспасөз мәлімдемесінде.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің талдауы бойынша байланыс сапасының нашарлығына шағымдар саны 10 есеге өскен. 2021 жылы министрлік 562 тексеру жүргізді.
«Операторға қатысты байланыстың немесе интернеттің нашар сапасына тексеру жүргізу үшін қазақстандықтар ресми өтінішті «электрондық үкімет» порталы немесе «Е-Оtinish» жүйесі арқылы жолдаулары қажет. Өтініште, байланыс операторының атауын және нақты мекен-жайын көрсету міндетті. Прокуратура органдарында тексеруді тағайындау туралы акт тіркеледі. Тексеру барысында көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасы бойынша тексеру жүргізіледі», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Айта кету керек, операторларға қатысты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.