Бағаның өсуі соңғы айда 0,8%-ды құрады. Пияз, қант және күріш қымбаттады. Ал қырыққабат, сәбіз және картоп арзандады.
АШМ мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қосқанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауарлары бар. Бидай, қант және тұздың қажетті көлемімен ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірісін дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді тиісті өңірлермен бірігіп, оны іске асыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, қантты баж салығынсыз әкелуге квоталар бөлініп, ұсақ тасымалдаушыларға таратылған кезде олар жұмысты уақытылы атқара алмады. Осыған байланысты біз жеткізуге қатысты белгілі бір проблемаларды бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады», — деді Әлихан Смайылов.
Бір айда азық-түлік бағасының ең жоғары өсуіне Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстары (1,3%) жол берген.
«Біз аймақтардағы сауда субъектілері жалпы жағдайды пайдаланып, қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда үстемелері бойынша мониторинг жүргізбесе, онда жағдай өзгермейді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы пияз бағасының өсуі азаматтарды толғандыратын тағы бір мәселе болғанын атап өтті. Мәселен, соңғы айда бағалар орта есеппен 11,9%-ға өсті. Бір айда Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында бағаның ең жоғары өсуі тіркелген.
«Әріптестер, егер қантқа қатысты болған жағдайдың сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай жасалған жұмыстың шала болғандығын көрсетеді. Әкімдіктерде барлық мүмкіндіктер болды. Оның ішінде астықты жеткізу бойынша уақытылы келісім-шартттар жасау тетігі бар», — деді Смайылов.
Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мәселелері маңызды екенін тағы да атап өтті.