Салтанатты ашылу рәсімдері Қарасай ауданының Береке ауылында, Балқаш ауданының Ақкөл ауылында және Жамбыл ауданының Қазыбек бек ауылында өтті. Аталған өрт сөндіру пункттері бірнеше елді мекенді қамтып, 22 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Іс-шараларға Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, демеушілер және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа өрт сөндіру бекеттері Береке, Елтай, Исаево, Ақкөл, Көкжиек, Қазыбек бек, Көкдала және оған іргелес елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бөлімшелер арнайы даярлықтан өткен жеке құраммен және заманауи өрт сөндіру техникасымен жабдықталған. Бұл өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Өрт сөндіру бекеттерінің ғимараттары тәулік бойы қызмет атқаруға толық бейімделген. Онда өрт техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар, демалыс бөлмесі, асхана және санитарлық тораптар қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, аталған өрт сөндіру пункттерінің ашылуы Алматы облысындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын едәуір нығайтып, шалғай ауыл тұрғындарының қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және өңір халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.





