Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Гүлзия АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орны – Оңтүстік Флорида университетінде «Математикалық білім беру» мамандығы бойынша магистратурада оқиды.
Педагог интернет желісіндегі онлайн сабақтар мен дәрістердің көмегімен ағылшын тілін бастапқы деңгейден жоғары деңгейге дейін меңгерді. Гүлзия шет тілін күніне 5-6 сағат бойы оқыған. Осының арқасында ол IELTS емтиханы бойынша 9 жоғары балдан 7 балл жинап, АҚШ-тың ең беделді жоғары оқу орнына түсті.
«Мен ауылдан шықпай-ақ, «Болашақ» стипендиясын тағайындайтын конкурстық іріктеуден сәтті өттім. Қарапайым ауыл мектебінде оқыдым, қазір де сол ауыл мектебінде жұмыс істеймін. Әлемдегі ең үздік университетте оқуға мүмкіндігім болатынын тіпті елестете де алмадым. Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан қалаған нәрсеңе жетуге көмектесетініне сенімдімін. Шәкірттерімнің де әлемдегі ең үздік оқу орындарынан білім алғанын қалаймын. Олар менен үлгі алып, шабыттанады деп үміттенемін», – деді Гүлзия Құрманқан.
Естеріңізге сала кетейік, кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен 2022 жылдың алғашқы стипендиялары 199 қазақстандыққа тағайындалды. Оның 29-ы педагогтарға берілді.