Әкімнің қабылдауына келген ардагерлер тұрғын үй қорынан пәтер немесе жер таратып беруді сұрады. Сондай-ақ сауықтыру орталықтарына жолдама алу мен қоғамдық автобустардағы тегін жүру мәселесін көтерген.
Ал қала әкімі Әсет Масабаев пәтер мен жер тек кезек бойынша берілетінін жеткізді.
«40 пәтерді қайта алып жатыр, олар кімге таратылады, «ауғандықтарға» таратылмай ма дейді. Бұл пәтерлер көпбалалы аналарға, жетім балаларға, одан кейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Ашық айтайын, ауғандықтарға жоқ», – деді қала әкімі.
Кездесу кезінде кейбір мәселелер қызу талқыланды. Сол кезде екі жақ та эмоцияға берілді. Масабаев өзіне қарсы петиция жазуды да ұсынды.
«Менің жұмысыма қанағаттанбасаңыздар, Масабаев кетсін деп петиция жазыңыздар. Мен кетемін», – деді қала басшысы.
Айта кету керек, Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев арнайы мониторингтік топ құрып, бұрын таратылған пәтерлерге инвентаризация жасауды тапсырған. Тексеріс кезінде 1 066 пәтерді бергенде заң талаптары бұзылғаны анықталды.