Министрліктің мәліметінше, ел алдында ерекше еңбегі сіңген немесе төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) төленеді.
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 207,2 мың адамды құрады. Оларға жалпы көлемі 26,7 млрд теңге төленген.
Бұл әлеуметтік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылдан бері қолданыста және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі саналады.
АМЖ алуға құқылы азаматтардың 17 санаты Қазақстан заңнамасында белгіленген.
Олардың қатарында:
-
Ұлы Отан соғысының ардагерлері және басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
-
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
-
Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
-
«Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
-
тыл еңбеккерлері;
-
Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқандар;
-
саяси репрессия құрбандары;
-
мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер;
-
Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған азаматтар және басқа да санаттар.
Жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өзгереді.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын АЕК мөлшерінің артуына байланысты республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен көтеріліп отырады.
Министрліктің айтуынша, егер азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, жәрдемақы тек бір негіз бойынша, өз таңдауы ескеріліп төленеді.
Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
АМЖ тағайындау үшін өтінішті:
-
eGov.kz порталы арқылы,
-
немесе ХҚКО-ларда беруге болады.






