Бұл отбасы Тоқаевтың өзінен хат аламыз деп мүлдем күтпесе керек.
«Айналайын Қасым мен Жомарт, сендер туралы жақында хабардар болдым. Терең білім алып, үлкен дипломат болам деп алдарыңа биік мақсат қойыпсыңдар. Бұл – мемлекет мүддесі үшін аса қажет мамандық.
Мемлекетіміз, халқымыз үшін бар күшін салып қызмет ететін үлкен азамат болыңдар. Еліміздің келешегі – жастар. Сол үшін алғыр, ақылды, зерек, білімді болып өсіңдер. Өйткені бұл – зор жауапкершілік. Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел иесі. Сендер қаншалықты білімді, білікті болсаңдар, еліміздің келешегі соншалықты кемел болады. Өздеріңдей көп тіл білуді мақсат еткен, Отанын шексіз сүйетін жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Әрдайым осындай белсенді, талапты болыңдар. Өмірде биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін!», – делінген хатта.
Айта кетейік, Қасым мен Жомарт Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейінің 8-сыныбында оқиды. Отбасының тұңғыштары. Одан кейін Іңкәр мен Кәусар есімді қарындастары өсіп келеді.
Қасым мен Жомарт қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Одан бөлек математиканы жақсы көреді. Екеуі де сандарды қосып-алуға жүйрік. Тіл байлығын арттырып, даналықпен сөйлеу үшін көркем әдебиетті, жаңалықтар мен тарихты оқиды.
Олар бос уақытында бокспен айналысады. Екеуі де болашақта дипломат болғысы келеді және аттасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді армандайды.