Тұрғындар жолдың қарсы бағытына шығып, өмірін қатерге тігеді екен. Мұның бәрі көшені көлденеңінен жауып тастағаннан деп налиды жұрт. Күнделікті өтіп жүрген көшені Үлкен айналма жолдың құрылысын жасау үшін бөгеп тастапты.
Күніне 48 мың көлік жүріп өтетін Алматы-Бішкек тас жолын көлденең кесіп өту де оңай емес.
«Біздің көшеге шығатын жалғыз жол бар. Қазір қазып жатыр. Үйге кіру үшін жол қалдырған жоқ. Келді де, жауып тастады», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Марат Бимағамбетов.
«Қырық шақты үй бар, әрқайсысының үйінен бес-алты адам шығады, азанда бәрі жұмысқа кетеді, автобусқа отырады. Жолдың арғы бетінен кешке қайтады. Ешқандай өту, не кету деген жағдай жоқ. Не аялдама жоқ», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Нұрлан Рүстембеков.
Ал Райымбек ауылдық округінің әкімі жағдайды білемін, бұл даудың басы-қасында жүрмін деп ақталды. Оның айтуынша, жуырда ауыл ішінен жол салынады.
«Қазіргі таңда ауылдың ішінен өтіп кететін жол бар, Наурыз көшесіне шығатын. Ол жол шаң, құрылыс жүріп жатыр. Қазір Үлкен айнала автокөлік жолын салып жатқан мекемемен сөйлесіп, халық жүру үшін сол жерді түзетіп, көмектесеміз», – деді Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев.
«Біз жолды жауып тастадық. Бірақ тұрғындарға басқа жерден жол ашып береміз деп келістік. Халықпен бұл туралы сөйлесіп, келісімге келгендей болдық. Бұл мәселе жергілікті әкімдікпен бұған дейін де бірнеше мәрте талқыланған еді», – деді құрылыс компаниясының ресми өкілі Екатерина Жирова.
Ал мамандардың айтуынша, БАКАД айналма жолының құрылысы 2024 жылы толық аяқталады. Сондықтан құрылыс компаниясы уақытша келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.