Шаруа қожалығының жетекшісі Мәншүк Жексембекованың айтуынша, шаруашылық орман жаңғағын өсіруге 2017 жылдан бастап ден қойған. Алғашында 2018 жылы 10 гектарға отырғызылған қарқынды бақ келесі жылы алғашқы өнімін берген. Енді қожалық бақтың көлемін ұлғайтып, тағы 20 гектарға жас көшет еккелі отыр. Көшеттер 2 жыл бұрын әкелінген, қазір жылыжайда, биыл күзде отырғызылады.
«Біз жұмыс барысында заманауи технологияларды қолданамыз. Тамшылатып суарудың тиімділігін көріп отырмыз. Өзіміздің метеостансамыз бар, соның арқасында ауа райының қалай құбылатынын, ауа температурасы мен ылғалдығын біле аламыз. 1 гектардан 4 тоннадай жаңғақ аламыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Мәншүк Жексембекова.
Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл ескі бақтарды жаңарту есебінен Алматы облысында 520 гектар жерге көшет отырғызу жоспарланған. Оның:
— 20 гектарына жаңғақ;
— 500 гектары жеміс-жидек;
— 120 гектары – қарқынды бақ.
157,6 мың тонна жеміс-жидек алу жоспарланса, 115,2 мың тоннасы алма болмақ.
Еске салсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі бақтардың жалпы алаңы 23,7 мың гектарға жеткен.